Ақтөбеде кәмелетке толмаған жасөспірімнің өлімімен аяқталған жаппай төбелеске қатысты резонансты іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Сот алдына 10 жас жігіт тартылды.
2025 жылғы 1 шілдеде Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, айыпталушыларға келесі баптар бойынша айып тағылған:
Екі адамға – алдын ала сөз байласу арқылы топпен жасалған бопсалау; екі немесе одан да көп адамды өлтіруді ұйымдастыру; хулигандық ниетпен жасалған, бопсалаумен ұштасқан қасақана адам өлтіру; кәмелетке толмағанды ерекше қатыгездікпен өлтіру;
Үшінші айыпталушыға – жоғарыда көрсетілген баптармен қатар, терроризмді насихаттау және осы сипаттағы материалдарды дайындау, сақтау және телекоммуникация желілері арқылы тарату;
Төртінші тұлғаға – топпен жасалған бопсалау; екі немесе одан да көп адамды арам ниетпен, бопсалаумен ұштасқан, өзге адамдардың өміріне қауіп төндіретін тәсілмен өлтіруге көмектесу; кәмелетке толмағанды ерекше қатыгездікпен өлтіру;
Қалған алты адамға – алдын ала сөз байласу арқылы топпен жасалған бопсалау; арам ниетпен, бопсалаумен ұштасқан, өзге адамдардың өміріне қауіп төндіретін тәсілмен екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу; кәмелетке толмағанды ерекше қатыгездікпен өлтіру.
Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылғы 27 мамырда Ақтөбеде үш айыпталушы кәмелетке толмаған бауырлары арасындағы кикілжіңге байланысты жәбірленушіден және оның достарынан 300 мың теңге немесе iPhone 13 талап еткен. Олар пышақпен қорқытып, қару қолданатынын айтқан.
"28 мамыр күні түн ортасына таман базардың көлік тұрағында айыпталушылар мен жәбірленуші тарап (барлығы 32 адам) кездескен. Келіспеушілік кезінде айыпталушылардың бірі жәбірленушілерге қарай үш рет оқ атқан. Кейін үш айыпталушы екі ВАЗ көлігімен қашып бара жатқан адамдарды қаққан. Кәмелетке толмаған жәбірленуші жараланып, отыра кеткен кезде айыпталушылардың бірі оны 1-2 рет теуіп, екіншісі бет тұсына 2-3 жұдырық сілтеген. Кейін тағы үшеуі жасөспірімнің өмірлік маңызды мүшелеріне бірнеше пышақ жарақатын салған. Қол-аяғының сіңірлерін кесіп тастаған. Жәбірленуші алған жарақаттардан оқиға орнында қаза тапқан", – делінген сот хабарламасында.
Тағы сегіз жәбірленуші аяқтарына тиген бытырадан жеңіл жарақат алған.
Айыпталушылардың барлығы тағылған айыптарды мойындамаған.
Сот үкімі бойынша:
- Екі айыпталушы – 20 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Үшінші айыпталушы – 22 жылға сотталды;
- Төртінші – 15 жыл 6 айға;
- Тағы бесеуі – әрқайсысы 15 жыл 6 айға;
- Соңғысы – 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды: үш сотталған адамнан әрқайсысынан 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы, сондай-ақ 986 384 теңге материалдық шығын өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұл іс бойынша сот процесі 2025 жылдың көктемінде басталған болатын. Қаза тапқан жас – кәмелетке толмаған студент болған. Ал айыпталушылардың жасы – 20-дан асқан. Тергеу материалдарына сәйкес, бастапқыда қаза тапқан студент пен басқа жасөспірім арасында жанжал туындаған. Кейін тараптар достарын, туыстарын шақырып, екі жақ арасында жаппай төбелес басталған.