"Дипломмен – ауылға" бағдарламасымен барған қызды зорлады деген күдікпен ауыл әкімі қамауға алынды

11 мамыр, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
rus.azattyk.org

Қарағанды облысында ауыл әкімінің үстінен зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайты мен “Патриот” Telegram арнасына сілтеме жасап.

Оқиғаға байланысты алғашқы ақпаратты жәбірленуші Айтолқын есімді қыздың ата-анасы таратқан. Айтуларынша, қыздары Ақшатау ауылына "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы арқылы жұмысқа шақырылған. Шақырушы – олардың бұрынғы отбасылық досы, сол ауылдың сол кездегі әкімі Нұрлан Сейілбеков болған.

Айтолқын Е.А. Бөкетов атындағы университетті “қоғаммен байланыс” мамандығы бойынша грантпен аяқтап, жақсы оқыған. Оны ауылға арнайы шақырып, жұмыспен бірге көтерме ақы мен баспана уәде етілген. Жас маман жұмысқа орналасып, ауылда өмір сүре бастаған.

Қыздың ата-анасының айтуынша, бәрі 2024 жылдың қаңтарында басталған. Әкім қызға ауылға іссапармен келген ер адамдар түнде мазаламауы үшін “жаныңда болайын” деп ұсыныс айтқан. Айтолқын сеніп келіскен. Сол түні әкім оны зорлап, ертеңіне кешірім сұрап, ешкімге айтпауды өтінген. Осыдан кейін ол қызды жиі мазалап, психологиялық қысым көрсеткен.

Кейін қыз жүкті болып, ата-анасына болашақ жары барын айтқан. Ол азаматпен әкім де кездесіп, алғашқыда жылы қарсы алған. Алайда біраз уақыттан кейін сол азамат туралы теріс ақпарат таратып, тойдың болмайтынын айтты. Қыз қатты күйзеліске түсіп, денсаулығы нашарлап, түсік жасатуға мәжбүр болған.

Осы оқиғадан кейін әкім қызға психологиялық және материалдық қысым жасауды жалғастырған. Айтолқын несие алып, әкімдікке қажетті заттарды сатып алып берген. Ата-анасы қызының айлығымен алған қарыздарын өздері өтеуге мәжбүр болғандарын айтады.

2024 жылдың 3 мамырында қыз ауылда жүрген кезінде ағасына хабарласып, әкімнің өзін ұрып тастағанын айтқан. Осыдан кейін отбасы полицияға арыз түсірді. Құқық қорғау органдары әкімді уақытша ұстау изоляторына қамаған. Алғашында ол үйқамаққа алынғанымен, кейін прокуратураның шағымынан соң күдікті тергеу изоляторына жабылды.

Полиция тергеу жалғасып жатқанын айтып, өзге мәліметтерді жарияламады. Аудан әкімдігі күдікті іс қозғалған сәтте әкім лауазымын атқармағанын, істің жеке сипатқа ие екенін хабарлады.

Жәбірленуші тарап тергеудің әділ жүріп жатқанына күмәнмен қарап отыр. Олардың сөзінше, полиция әрекетсіздік танытып, тергеуді созбалаңға салып, әкімге уақыт ұттырып берген.

Тэгтер:

Қарағанды Әкім Зорлық 23 жас