АҚШ ресейлік «Аеза Групп» IT-компаниясына және оның басшылығына санкциялар енгізді
АҚШ-тың Қаржы министрлігі ресейлік «Аеза Групп» IT-компаниясына және оның жетекшілеріне қарсы санкциялар енгізді. Бұл шешім компанияның киберқылмысқа қолдау көрсететін хостинг қызметтерін ұсынуына байланысты қабылданған, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Министрліктің мәлімдеуінше, Санкт-Петербургте орналасқан «Аеза Групп» Meduza және Lumma сияқты зиянды бағдарламалар операторларымен, сондай-ақ АҚШ-тың қорғаныс және технология саласындағы компанияларына шабуыл жасаған топтармен байланыста болған. Компания «пуленепробиваемый» хостинг қызметін ұсынып, BianLian атты зиянды бағдарлама, RedLine және BlackSprut секілді жасырын интернет алаңдарының дамуына қатысқан.
Санкция тізіміне компанияның өзі және оның төрт жетекшісі енгізілді: негізін қалаушы Арсений Пензев, бас директор әрі серіктес Юрий Бозоян, техникалық директор Владимир Гаст және тағы бір серіктес Игорь Князев.
АҚШ билігінің мәлімдеуінше, компания қызметі тек киберқылмыспен ғана емес, сонымен қатар АҚШ пен Батыс Еуропада Кремльдің ықпалын арттыру және жалған ақпарат тарату әрекеттерімен де байланысты болған.
Айта кетейік, сәуір айында Юрий Бозоян және бірнеше қызметкер қылмыстық топ құру және өзге де құқықбұзушылықтар бойынша ұсталған болатын. «Аеза Групп» 2021 жылы Арсений Пензев пен Игорь Князевтің бастамасымен құрылған, ал Бозоян жобаға 2023 жылы қосылған.