Ташиев жөнделмеген жол үшін мердігерді бағанға байлауды талап етті
Фото: gov.kg

Ташиев жөнделмеген жол үшін мердігерді бағанға байлауды талап етті

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамчыбек Ташиев Нарын қаласында жөнделмеген жолға қатысты мердігер компанияға қатысты қатаң мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі newsroom.kz сайтына сілтеме жасап.

Ленин көшесіндегі 9,5 шақырым жолды жөндеу «Бета групп» компаниясына жүктелген. Алайда жұмыс аяқталмағаны туралы көлік және коммуникация министрі Абсаттар Сыргабаев Ташиевке баяндады. Бұған жауап ретінде Ташиев мердігерді тауып, бағанға байлап қоюды, тіпті тамақ бермеуді талап етті.

— Компанияның жұмысын толық тексеріңдер. Қанша қаражат бөлінді, қайда жұмсалды — бәрін анықтаңдар. Иесін көлікке салып әкеліп, бағанға байлап қойыңдар. Күндіз-түні сонда тұрсын, – деді ол.

Сонымен қатар, Ташиев басқа да мердігерлер мен мемлекеттік тендерге қатысы бар лауазымды тұлғаларды тексеруді тапсырды. Кейінгі мәлімдемесінде ол:

— Егер біреудің «төбесі» болса, маған айтыңдар. Өзім жоямын. Жаза заң шеңберінде болуы керек, – деп нақтылады.

Саяси сарапшылар бұл мәлімдемені Ташиевтің жемқорлық пен немқұрайлылыққа қарсы күрестегі қатаң ұстанымының көрінісі деп бағалап отыр.