Жаназа бағасы 100 мың теңге ме? Жамбыл облысында имамдарға қатысты дау туды
Фото: azh.kz

Жаназа бағасы 100 мың теңге ме? Жамбыл облысында имамдарға қатысты дау туды

Жамбыл облысының Сарысу ауданында жаназа намазын өткізу үшін 100 мың теңге талап етіледі деген ақпарат әлеуметтік желіде үлкен дау тудырды. Бұл туралы белгілі айтыскер Алик Бекмусаев Facebook парақшасында жазған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі  Halyqstan Telegram арнасына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, мұндай "ставка" имамдарға жоғарыдан түскен бұйрық ретінде айтылған. Бұл мәлімдеме тұрғындар арасында наразылық тудырып, "Ақшасы жоқ адам қайтеді?" деген сұрақтар жиі қойыла бастады.

Мәселеге қатысты түсініктеме берген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілі, облыстың бас имамы Асқар Сатылғанов:
— Жаназа немесе басқа да діни рәсімдерге ақы талап ету — шариғатқа да, адами моральға да қайшы. Мұндай бұйрық не муфтияттан, не облыстық мешіттен түскен жоқ. Қаражат талап еткен адам ресми имам болмауы да мүмкін, — деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ діни рәсімдерді тек ресми мешітке бекітілген имамдар жүргізуі керектігін ескертті.

Алайда дау мұнымен бітпеді. Осыған ұқсас ақпарат Жуалы ауданынан да тарады — онда да жаназа құны 100 мың теңге делінген.

Желі қолданушылары "егер бірнеше ауданнан бірдей мәлімет түссе, демек, мұндай төлем расымен бар ма?" деген күмәнмен қарап отыр. Осыған байланысты кейбіреулер діни басқармаға ресми баға прейскурантын жариялап, қызметтің нақты құнын түсіндіруді ұсынуда.