Жұмбақтасқа шығуға тыйым салынды
Бурабайдағы әйгілі табиғи ескерткіш – Жұмбақтас жартасына енді шығуға рұқсат жоқ. Бұл шешімді Бурабай ұлттық паркінің әкімшілігі қабылдады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz порталына сілтеме жасап.
Соңғы жылдары туристердің күрт көбеюі жартастың табиғи бетіне кері әсер еткен. Кейбір адамдар жартасқа көтеріліп, суретке түсіп қана қоймай, жазулар қалдырған. Мұндай әрекеттер ескерткіштің табиғи қалпын бұзып, экожүйеге зиян келтіруде.
Енді Жұмбақтасты тек жағалаудан немесе арнайы белгіленген жерлерден бақылау ұсынылады. Ұлттық парк қызметкерлері бұл шектеуді жазалау шарасы емес, керісінше, табиғатты сақтау және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілгенін атап өтті.
Қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға әкімшілік жаза қарастырылған. Дегенмен парк қызметкерлері ең алдымен түсіндіру және мәдениетті қалыптастыруға басымдық беріп отыр.