Мектептегі тамақ стандарттары жаңарып жатыр – не өзгереді?
Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарында тамақтану жаңа стандарт бойынша ұйымдастырылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Министрліктің мәліметінше, ас мәзіріне қатысы бар барлық тараптардың міндеттері нақты бекітілген. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті үш түрлі үлгілік мәзір әзірлеп, оны өңірлік басқармаларға жолдаған. Әр аймақта ата-аналар мен мұғалімдердің ұсынысына қарай мәзірге өзгерістер енгізуге мүмкіндік бар.
Жаңартылған стандарттың мақсаты – балалардың тамақтану сапасын арттыру. Құрамында қант пен тұзы аз, ал көкөніс, жеміс, сүт өнімдері мен ақуызы мол тағамдар ұсынылатын болады. Мұндай тәсіл семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары секілді дерттердің алдын алуға ықпал етеді.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа ережелерді қатаң сақтау балалар арасындағы семіздік көрсеткішін 15%-ға дейін, қант диабетін 20%-ға дейін азайтуы мүмкін.
Қазіргі уақытта Қазақ тағамтану академиясы, ЮНИСЕФ, СЭС және басқа да мамандардың қатысуымен оқыту және түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.