Трамп: Ресей мен Украина үшін бұл соғысты тоқтататын тарихи күн болуы мүмкін
Дональд Трамп Владимир Путиннің Украинамен шартсыз келіссөздер бастау туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz Alash.kz порталына сілтеме жасап.
Трамп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Ресей мен Украина арасындағы қантөгістің тоқтау мүмкіндігін маңызды тарихи сәт ретінде сипаттады.
"Ресей мен Украина үшін бұл – ұлы күнге айналуы ықтимал. Егер осы мағынасыз әрі қанға толы соғыс ақыры тоқтайтын болса, жүздеген мың адамның өмірі аман қалады. Бұл жаңа әрі әлдеқайда жарқын әлемнің бастауы болар еді", – деп жазды ол.
Саясаткердің айтуынша, ол бейбітшілікке қол жеткізу үшін екі елмен де жұмыс жүргізуді жалғастырмақ. Сонымен қатар, АҚШ-тың болашақтағы рөліне де тоқталды.
"Бұдан былай Америка қалпына келтіруге, сауда мен дамуға ден қойғысы келеді. Алда шешуші апта келе жатыр", – деді Трамп.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Украинаға Ыстанбұлда алдын ала шартсыз тікелей келіссөздер жүргізуді 15 мамырда бастауға ұсыныс жасаған болатын. Бұл ұсынысқа Украина президенті Владимир Зеленский келісімін беріп, диалогқа дайын екенін жеткізді.