Алматы облысында ірі агрокластер салынып жатыр: экспорт көлемі 1 млн тоннаға дейін жетпек
Қонаев қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін кешенді өңдейтін жаңа агроөнеркәсіптік кластердің құрылысы басталды. Құны 15 миллиард теңгеге бағаланған бұл жоба өңірдің агросаласын ілгерілетуге бағытталған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Инвестицияны жүзеге асырып жатқан — 2010 жылдан бері ұн, мал азығы мен өсімдік майларын өндірумен айналысатын «Қапшағай Бидай Өнімдері» ЖШС. Кешен құрамына ұн тарту цехы, май шығаратын зауыт, құрама жем өндіру орталығы мен қапшық тігетін кәсіпорын кіреді.
Кластердің өндірістік қуаты тәулігіне 1,5 мың тонна астықты құрайды. Жоба тек ішкі нарықты емес, сонымен қатар шетелді де көздеп отыр — компания жыл сайын Қытайға 1 миллион тоннаға дейін дайын өнім экспорттамақ.
Қазіргі таңда Қонаев қаласында жалпы құны 240 миллиард теңгеден асатын 11 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында ірімшік пен фри картобын өндіретін 49,2 миллиард теңгелік Sofood Kaz жобасы да бар.