Жамбыл облысында қайтарылған актив есебінен ауыл тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізді
Жамбыл облысының Жаңаөткел ауылында қайтарылған активтер есебінен салынған жаңа ауызсу жүйесі ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаның ашылу салтанатына облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы және ауыл тұрғындары қатысты.
— Президент бастамасымен қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы бар нысандарға бағыттау – халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы маңызды қадам. Жаңаөткелдегі ауызсу жүйесі соның нақты бір көрінісі, – деді облыс прокуроры өз құттықтау сөзінде.
Жаңа жүйенің құрылысын «Пырақ-Құрылыс» ЖШС жүргізіп, бүгінде 75 үйдің ауласына су құбыры тартылған.
Жалпы, Жамбыл облысында қайтарылған активтерден түскен қаражат есебінен 15 ауызсу жүйесінің және 4 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүзеге асырылып жатыр.