Жыл соңына дейін ауылдарда 150-ге жуық жаңа медициналық нысан салынады
Қазақстанның шалғай ауылдарында алғашқы медициналық көмек қолжетімді болмақ. Жыл соңына дейін елімізде 150-ге жуық жаңа емдеу мекемесі салынып, 508 нысанның құрылысы толық аяқталады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Мемлекет «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл тұрғындарын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Жоспарға сәйкес, еліміздің әр өңіріндегі елді мекендерде 655 жаңа нысан салынбақ. Оның ішінде:
- 260 – медициналық пункт,
- 235 – фельдшерлік-акушерлік пункт,
- 160 – дәрігерлік амбулатория.
Бұл нысандардың құрылысы бірнеше қаржыландыру көзінен іске асырылады. Атап айтқанда, арнаулы мемлекеттік қордан, жергілікті бюджеттерден және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінетін қаражаттар есебінен жүзеге асырылады.
Ауылдағы ағайын үшін бұл — медицина қолжетімді бола түседі деген сөз. Ал жаңа нысандардың іске қосылуы кадр тапшылығы мен шалғай ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғауда маңызды қадам болмақ.