Ресейдегі елшіміз Дәурен Абаевтың Шешенстандағы тойға не себепті барғаны белгілі болды
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың 17 жастағы ұлының үйлену тойына қатысқан мәртебелі қонақтардың қатарында Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев та болған. Елші бұл сапардың себебін түсіндіріп, шешен-қазақ қарым-қатынасын еске салды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
30 маусымда Қадыров ұлы Адамның тойына келген елшілерге алғыс айтып, олардың ішінде Иран, БАӘ, Түркия мен Қазақстан өкілдерін ерекше атап өткен. «Бұл – мен үшін және отбасымыз үшін маңызды әрі қуанышты күн. Осындай сәтте жанымыздан табылған достарымызға ризамын», – деді ол.
Осыған байланысты журналистер елші Дәурен Абаевтың тойға қатысу себебін нақтылауға тырысты. Абаев өзінің бұл шараға жеке адам ретінде емес, Қазақстанның Ресейдегі өкілі ретінде барғанын растады.
«Мен тек Мәскеудегі емес, бүкіл Ресей Федерациясындағы елшімін. Сондықтан өңірлерге де жиі барамын. Қазақ пен шешен халықтары арасындағы тарихи достық – біздің байланысымыздың негізі. Біз шешен халқының Қазақстанға депортацияланғанын ұмытқан жоқпыз. Сол сияқты олар да қазақ халқының қиын шақта көрсеткен қолдауын ұмытпады. Бұл сапарым – сол достықтың белгісі», – деп түсіндірді елші.
Еске салайық, Қадыровтың ұлы Адам – Шешенстанның тұңғыш президенті Ахмат-Хаджи Қадыровтың немересі. Той Грозный қаласында өткен.