Маңғыстаулық экс-депутат Ынташ Наурызова облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдан туғанын мәлімдеген ұлының фотосын алғаш рет жариялап, істі сот қараусыз қалдырған соң енді телебағдарламалар арқылы шындықты іздейтінін айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Todayinfo сайтына сілтеме жасап.
Экс-депутаттың айтуынша, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот судьясы оның арызын «өз еркімен жазды» деген желеумен кері қайтарған. Алайда Наурызова бұл шешімді еркінен тыс, мәжбүрлі түрде қабылдауға мәжбүр болғанын жеткізді.
– Мен ешқашан өз еркіммен бас тартам деген жоқпын. Судья Кенжееваның айтуымен ғана солай жаздым. Қилыбай АХАТ-қа барып, өз еркімен баласын мойындағандай бопты. Бірақ бұл – істі жауып тастау үшін жасалған айла. Мен қанша рет өз уәжімді айтсам да, ешкім құлақ аспады. Енді амалсыздан бұқаралық ақпарат құралдарына шығамын, – деп жазды Наурызова өзінің парақшасында.
Айта кетейік, бұған дейін де ол облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдан бір ұл тапқанын ашық айтқан болатын. Бірақ әкім баласын мойындаудан бас тартқан. Экс-депутаттың сөзіне сенсек, Қилыбай баласына өз тегін беруге де келіспей, әйелге қысым көрсеткен. Наурызова бұл жағдайдан кейін өз өмірі мен қызметінде түрлі қиындықтар мен өсек-аяңның көбейгенін де алға тартты.
Ал Нұрдәулет Қилыбай бұл мәселе бойынша ресми түрде пікір білдірмеген.