«Эскалаторда бөксемді ұстады»: Астаналық бойжеткен бейтаныс ер адамның қорлығына ұшырағанын айтты

2 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Threads aru.abdrakhmanova

Астаналық қыз сауда орталығында бейтаныс ер адамның қорлығына ұшырағанын айтып, әлеуметтік желіде ашық жазба қалдырды. Оның айтуынша, Technodom дүкенінде бөксесінен ұстаған ер адам бұл әрекеті үшін тек айыппұлмен жазаланып, бостандықта қалды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

22 маусым күні елордалық Technodom сауда желісінде болған бұл оқиға туралы Әбдірахманова есімді қыз Threads желісінде жазды. Оның сөзінше, эскалатордан түсіп келе жатқанда, бейтаныс ер адам артынша келіп, бөксесінен ұстаған.

«Ол мені байқамай қалдым деп ақталды. Бірақ оның бұл әрекеті әдейі әрі жоспарлы секілді көрінді. Ең сорақысы – айналамдағы ер адамдардың үнсіз тұрғаны. Мен қорланып, көзіме жас алып әрең шықтым», – деп жазды ол.

Оқиғадан кейін бойжеткен полицияға шағымданып, нәтижесінде күдікті анықталып, 19 660 теңге айыппұл төлеген. Ол ҚР ӘҚБтК 449-бабы, 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Ол менен арызды қайтарып алуды сұрады. Бірақ мен бас тарттым. Себебі, мұндай әрекеттің жазасыз қалмауы керек», – дейді жәбірленуші.

Желі қолданушылары қыздың әрекетін қолдап, құқық қорғау органдарынан мұндай жайттармен жүйелі түрде күресуді талап етуде. Бұл – жалғыз оқиға емес, үндемей қалуға болмайды деген үндеулер күшейіп жатыр.

Тэгтер:

Астана бейтаныс ер адам ұят қорлық