Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова ұлының Жетісайда өткен концерті жайлы жазба жариялап, елдің ықыласына ризашылығын жеткізді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Айдарбекованың айтуынша, оңтүстік өңірдегі халық Қайрат Нұртастың өнерін сағынғанын анық байқатқан. Ол тіпті концерт алдында әншіге қатысты ел арасындағы әртүрлі әңгімелерді естіп, уайымдап қалғанын жасырмады.
"Жетісайда біраз әңгіме есітіп, қуаныш пен уайым аралас сезімде болдым. Апалар мен әжелер немерелерімен таңғы 11-де келіп, Қайратты кешкі 8-ге дейін күтті. Ыстық күнде терлеп, шаршаса да, қайтпаған. 6000-ға жуық адам кешті тағатсыздана күтті", – деді продюсер.
Гүлзира Айдарбекова барлық тыңдарманға, әсіресе аналарға амандық тіледі. Сондай-ақ, 7 шілде күні Астанада өтетін KN концерт кешіне шақыру жасап, тағы да қуанышпен қауышуға үміт білдірді.
Желі қолданушылары бұл жазбаға жүрекжарды пікірлерін қалдырды. Көпшілік Қайраттың қарапайымдылығын, халықты құрметтей білетін мінезін ерекше атап өткен.
"6000 адамның көңілін қалдырмай, құрметпен ән шырқаған Қайратқа ризамыз", "Нағыз халықтың сүйіктісі", – деп жазды олар.