Мәліметтерді талдау көрсеткендей: ең ірі табыстар мегаполистер мен капиталға тәуелді салаларда шоғырланған. Алматымен, Астана мен Ақтөбе облысы көшбасшы болып қалып отыр. Салалар бойынша – сақтандыру, IT және қазба байлықтарды өндіру салалары алда. Қазақстанның еңбек нарығындағы басқа қандай тенденциялар бар, - деп хабарлайды Anyqtime.kz
Бүгінгі күні ҚР Ұлттық статистика бюросы АСПиР деректері бойынша 88 720 кәсіпорын жұмыс істейді. Жалпы, яғни "тізімдік" жұмысшы саны 3,98 млн адамды құрайды, нақты жұмыспен қамтылғандар – 3,77 млн адам. Еліміз бойынша жалақы қоры (ЖҚ) 18,36 трлн теңгені құрайды.
Жалақы қорлары қай жерде шоғырланған?
Жалақы қорлары көлемі бойынша көшбасшы – Алматы, оның көрсеткіші 3,05 трлн теңге. Екінші орында – Астана, 2,13 трлн теңге. Бұл қалалар ең ірі жұмыс берушілер болып табылады: Алматыда – 548 мың, Астанада – 351 мың қызметкер. Үшінші орын – Атырау облысы, мұнда жоғары жалақы төленетін мұнай-газ секторы шоғырланған, ЖҚ көлемі 1,46 трлн теңге.
Салыстыру үшін. Түркістан облысында жұмысшылар саны (267 мың адам) көп болғанымен, ЖҚ көлемі айтарлықтай төмен – 903 млрд теңге, бұл орташа жалақы деңгейінің төмен екенін көрсетеді.
Аймақтар бойынша орташа жалақы
2025 жылғы I тоқсанда аймақтар бойынша номиналды орташа айлық жалақыны талдау айтарлықтай айырмашылықтарды көрсетті.
Ең жоғары көрсеткіштер:
- Атырау облысы – 634 234 теңге.
- Маңғыстау облысы – 620 320 теңге.
- Астана – 563 309 теңге.
- Алматы – 518 857 теңге.
- Батыс Қазақстан облысы – 500 046 теңге.
- Ұлытау облысы – 599 046 теңге (ең аз халық саны бар аймақ үшін өте жоғары көрсеткіш).
Сонымен қатар, ең төменгі орташа жалақы төмендегілерде тіркелген:
- Жамбыл облысы – 308 891 теңге.
- Солтүстік Қазақстан облысы – 300 051 теңге.
- Түркістан облысы – 310 515 теңге.
- Алматы облысы – 339 185 теңге.
- Шымкент – 321 408 теңге.
Аймақтық тұрғыдан 2025 жылғы I тоқсанда 2024 жылғы сәйкес тоқсанмен салыстырғанда номиналды орташа айлық жалақы ең көп өскен аймақтар:
- Ұлытау облысы – 119,4%.
- Қостанай облысы – 114,6%.
- Алматы – 114,2%.
- Жетісу облысы – 114,1%.
- Астана – 114,0%.