Әлем бойынша мұздықтар жаһандық жылыну салдарынан еріп жатыр. Олардың жойылуы теңіз деңгейіне айтарлықтай әсер етеді. Ресей ғылым академиясы География институтының жетекші ғылыми қызметкері мұхит деңгейінің көтерілуі аясында су астында қалуы мүмкін қалалар туралы айтып берді, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Сарапшының айтуынша, әлемдегі мұздықтардың басым бөлігі XX ғасырдың басынан бері шегініп келеді. Соңғы 30 жылда жаһандық температураның өсуіне байланысты олардың еру қарқыны күшейе түсті. Ең қатты еритін мұздықтар – Гималай, Альпі, Анд таулары мен Аляска тауындағы ақ «бөріктер».
Мұздықтардан еріген су теңіз деңгейін көтеріп, мангр ормандары сияқты жағалаудағы экожүйелердің су астында қалуына, сондай-ақ жағалаудағы ойпаттардағы жерасты суларының тұздануына алып келуі мүмкін.
Мұз ең жылдам еріп жатқан аймақтар – Жердің ұштары, яғни Арктика мен Антарктида. Зерттеулер көрсеткендей, 2002 жылдан 2020 жылға дейін Ақ құрлық жыл сайын шамамен 140 миллиард тонна мұз жоғалтқан.
Ең күрделі жағдай Батыс Антарктидада – мұнда қарқынды еріп жатқан екі ірі мұздық бар: Пайн-Айленд және Туэйтс. Ғалымдар бұл екеуін Антарктиданың "әлсіз тұсы" деп атайды. Ал Туэйтс мұздығы «Қиямет күні мұздығы» деген атауға ие – соншалықты тез еріп жатыр. Жыл сайын бұл мұздық шамамен 80 миллиард тонна мұз жоғалтады. Ғалымдардың есептеуінше, егер ол толық еріп кетсе, Дүниежүзілік мұхит деңгейі 65 сантиметрге көтеріледі.
Арктикада, Глазовскийдің айтуынша, температура жаһандық орташа көрсеткішке қарағанда екі есе жылдам өсіп жатыр. Сол себепті Жердегі екінші ең ірі мұз жамылғысы – Гренландия – Антарктидаға қарағанда мұхитқа екі есе көп мұз жібереді. Ал теңіздегі мұздың ауданы 1980-жылдардан бері он жыл сайын шамамен 13% азайып келеді.
Ғалымның айтуынша, мұздықтардың еруі салдарынан толық немесе жартылай су астында қалуы мүмкін қалалардың тізімі өте ауқымды. Ең осал қалалардың қатарына мыналар кіреді:
- Майами, АҚШ – теңіз деңгейінің көтерілуінен қазірдің өзінде жиі су басып тұрады.
- Нью-Йорк, АҚШ – дауылды толқындар мен теңіз деңгейінің көтерілу қаупі бар.
- Шанхай, Қытай – әлемдегі ең ірі мегаполистердің бірі, қауіп астында миллиондаған адам тұр.
- Мумбай, Үндістан – халық тығыз орналасқан жағалау қаласы, су басу қаупі жоғары.
- Венеция, Италия – бұрыннан бері су астына кетіп жатқан қала, жиі су тасқындарына ұшырайды.
- Дакка, Бангладеш – ел астанасы теңіз деңгейінің көтерілуі мен өзен тасқындарына өте осал.
- Джакарта, Индонезия – әлемдегі ең тез "жоғалып жатқан" қала. Мұнда тек теңіз деңгейі емес, жерасты суларының шамадан тыс алынуы да жердің шөгуіне себеп.
Сондай-ақ су астында қалу қаупі бар қалалар қатарына мыналар кіреді: Нью-Орлеан (АҚШ), Хошимин (Вьетнам), Бангкок (Таиланд), Янгон (Мьянма), Басра (Ирак), Абадан (Иран), Дюнкерк (Франция), Гаага (Нидерланды), Амстердам (Нидерланды), Гамбург (Германия), Гданьск (Польша). Бұдан бөлек, Тынық мұхитындағы көптеген аралдар мен мемлекеттерге үлкен қауіп төніп тұр.
«Мамандардың бағалауынша, 2050 жылға қарай теңіз деңгейі 2000 жылмен салыстырғанда 0,3–0,5 метрге көтерілуі мүмкін. Бұл көптеген жағалау қалаларында су тасқынының жиілеуіне алып келеді. Ал 2100 жылға дейін қазіргі қарқын сақталса, су деңгейі 1–2 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Бұл үлкен аумақтардың су астында қалуына және жүздеген миллион адамның қоныс аударуына әкеледі», – деп жауап берді ғалым АиФ-тың «қашан болады?» деген сұрағына.
Бұған дейін ғалымдар бүкіл адамзаттың жойылуына әкелетін үш ықтимал сценарийді атаған болатын.