Арқан тарту спортының Олимпиадалық ойындардың тізімінде болғанын білдіңіз бе?
Фото: pinterest.com

Арқан тарту спортының Олимпиадалық ойындардың тізімінде болғанын білдіңіз бе?

Арқан тарту – жай ғана ауылдық ойын емес, бай тарихи негізі бар халықаралық спорт екенін білесіз бе? Қазақстанда бұл спорт неге ұмыт қалып барады? Қазіргі кезде халықаралық деңгейі қандай? Бұл сұрақтардың жауабын Anyqtime.kz зерттеп көрді.


Арқан тартудың Қазақстандағы орны қандай?
Арқан тарту – қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі. Ол наурыз мерекесінде, ас беруде, ауыл тойларында жиі ұйымдастырылған. Мұндай жарыстар арқылы жас жігіттердің бірлігі, күш-қайраты мен тәртібі сынға түсетін.


Бұл ойын тағы қандай елдерде тараған?
Арқан тарту – әлемнің көптеген елінде тарихи-мәдени мәнге ие. Қытай, Үндістан, Жапония, Грекия сынды елдерде де арқан тарту діни, әскери, тәрбиелік мақсатта қолданылған.  Мәселен, Қытайда Тан әулеті кезінде мыңға жуық жауынгер қатысқан алып арқан тартыс ойындары өткен. Жапонияның Осака қаласында арқан тарту әлі күнге дейін жергілікті мәдени шараның бір бөлігі.


Арқан тарту ойынының олимпиадалық тізімде болғанын білдіңіз бе?
ХХ ғасырдың басында арқан тарту ресми спорт түріне айналды. 1900 жылдан бастап, 1920 жылға дейін Олимпиада бағдарламасында болды. Қазіргі таңда халықаралық деңгейде Tug of War International Federation (TWIF) басқаруымен әлем чемпионаттары өтеді. Еуропа, Азия мен АҚШ-та бұл спорт әлі күнге дейін кең танымал.

Қазақстанда арқан тарту спортының даму деңгейі қандай?
Ал елімізде ұлттық спорт болсада арқан тарту балабақша мен мектептердегі көңіл көтеру шарасынан әрі аспай тұр. Ал көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанда бұл ойын ұлттық спорт деңгейінде дамып, арнайы федерациялар құрылып, ресми жарыстар өткізіліп келеді. Қазақстанда мұндай бастамалар сирек кездеседі.