Израиль түрмелерінде 10 мыңнан астам палестиналық қамалған
Фото: Ашық дереккөз

Израиль түрмелерінде 10 мыңнан астам палестиналық қамалған

Израильдің түрмелері мен тергеу изоляторларында қазіргі таңда 10 400-ден астам палестиналық қамалған. Бұл туралы палестиналық тұтқындар ісі жөніндегі ақпарат бюросы хабарлады. Олардың қатарында әйелдер, кәмелетке толмаған балалар, егде жастағы азаматтар мен ауыр науқастар бар, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі  Anadolu Agency сайтына сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, қамаудағы 47 әйелдің екеуі – Газа секторынан. Ең егдесі – 66 жаста. Олардың арасында 15 ана, екі жасөспірім, екі жүкті әйел және онкологиялық ауруға шалдыққан екі әйел бар. Сондай-ақ символдық тұлғаларға айналған Шатила Абу Айяд пен Айя әл-Хатиб та қамалғандардың қатарында.

Израиль түрмелерінде 440 палестиналық бала отыр. Олардың 100-і айып тағылмай, "әкімшілік тәртіппен" ұсталып отыр.

2 500-ге жуық тұтқын ауыр науқас

Палестиналық құқық қорғаушылардың айтуынша, Израиль абақтылары "өлім лагеріне" айналып барады. Қазіргі таңда қамаудағы 2 500-ге жуық адам түрлі дертке шалдыққан. 260-ының жағдайы – өте ауыр. Олардың ішінде 27-сі онкологиялық аурумен ауырады, 22-сінде психикалық немесе физикалық кемістіктер бар, ал үшеуі мүлдем жүре алмайды.

Израиль билігі Газа секторынан ұсталған 2 214 адамды "заңсыз комбатанттар" деп таныған. Бұл статус олардың мерзімсіз қамалуына және негізгі құқықтарынан айырылуына жол ашып отыр.

Жоғалған әйелдер мен азаптаулар дерегі

7 қазандағы оқиғалардан кейін Израиль мыңдаған палестиналық әйелді ұстағанымен, олардың көпшілігі әлі із-түзсіз жоғалғандардың қатарында. Құқық қорғаушылардың дерегінше, Газадан ұсталған 12 мың адамның тек 3 мыңы ғана тірі болуы мүмкін.

1967 жылдан бері Израиль түрмелерінде 310 палестиналық тұтқын көз жұмған. Соның ішінде 73 өлім – 2023 жылғы қазаннан кейін тіркелген. Азаптау, медициналық немқұрайлық және қарулы шабуылдар – өлім себептерінің басында тұр.

Қазіргі уақытта Израиль билігі қаза тапқан 80 палестиналықтың денесін туған-туыстарына беруден бас тартып отыр.