Астаналық жаттықтырушы фитнес орталықтар атынан жалған сертификат сатқан – 24 адам алданып қалды
Фото: Ашық дереккөз

Астаналық жаттықтырушы фитнес орталықтар атынан жалған сертификат сатқан – 24 адам алданып қалды

Елордада бұрын фитнес жаттықтырушы болып істеген азамат өзін белгілі спорт орталықтарының өкілі ретінде көрсетіп, жалған сыйлық сертификаттарын сату арқылы 24 адамды алдаған. Келтірілген жалпы шығын 3,5 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Ол азаматтарға жылдық фитнес абонементтерін 150 мың теңгеге ұсынған. Ал шын мәнінде, бұл қызметтің нарықтағы құны – шамамен 700 мың теңге. Адамдар сертификатпен клубқа келген кезде, олардың жарамсыз екені анықталған.

Қылмыстық іс сотқа жетіп, сотталушы жәбірленушілердің шығынын толық өтеген. Ауырлататын жағдайлар болмағандықтан, сот оған үш жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленіп, бостандығын шектеу туралы үкім шығарды.

Прокуратура бұл жағдайдың соңғы жылдары жиілеп кеткен алаяқтық тәсілдеріне тән екенін ескертеді. Әсіресе, әлеуметтік желілерде ұсынылатын арзан сертификаттар мен бонустарға сақ болу керек. Ресми сатушылар мен лицензиясы бар ұйымдарға ғана сенуге шақырады.

Ескерту: ҚР Қылмыстық кодексі бойынша мұндай алаяқтық үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.