Қазақстандық кадеттер әлемдік шахмат аренасында топ жарды
Батуми қаласында (Грузия) өткен кадеттер арасындағы FIDE Әлем кубогында қазақстандық шахматшылар қос жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды Anyqtime.kz Қазақстан шахмат федерациясына сілтеме жасап.
8 жасқа дейінгі қыздар арасында елордалық Алиша Бисалиева финалда Варвара Волковадан (FID) екі партияда жеңіске жетіп, алтын медальді иеленді. Бұл – оның әлемдік деңгейдегі кезекті табысы: биыл ол U9 санатында мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионы атанған болатын.
Ал дәл осы жас санатындағы ұлдар арасында өнер көрсеткен Әдинұр Әділбек үшінші орын үшін матчта Богдан Калининді (FID) 1½–½ есебімен ұтып, Қазақстан қоржынына қола медаль әкелді.
10 жасқа дейінгі санатта Қостанайлық Иман Нәбиев те үздіктер қатарынан көрінді. Ол үшінші орын үшін үндістандық Аарит Капилмен кездесіп, жеңіліске ұшыраса да, төртінші орынды иеленіп, мықтылығын дәлелдеді.
Қазақстандық жас шахматшылардың бұл жетістігі – еліміздің шахмат спортының қарқынды дамуының айқын дәлелі. Талантты кадеттер әлемдік додаларда көк туымызды желбіретіп, үлкен үміт пен сенім ұялатып отыр.