ҚТЖ-ға жаңа басшы тағайындалды: Ахметовтің күйеу баласы орнын босатты
Суретте Талғат Алдыбергенов пен Ерлан Қойшыбаев. Коллаж: Anyqtime.kz

ҚТЖ-ға жаңа басшы тағайындалды: Ахметовтің күйеу баласы орнын босатты

«Самұрық-Қазына» қоры «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына жаңа басшы тағайындады. Бұл жолы басшылыққа сала ардагері Талғат Алдыбергенов келді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Taulik.kz сайтына сілтеме беріп.

Ұлттық компанияның жаңа басқарма төрағасы болып Талғат Алдыбергенов бекітілді. Ол бұған дейін ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары лауазымын атқарып келген. 35 жылдан астам тәжірибесі бар маман – теміржол саласына шын мәнінде өмірін арнаған кадр. Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын үздік тәмамдаған Алдыбергенов кейін Ресейдегі Президент жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында экономика магистрі мен экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғаған.

Бұған дейін ҚТЖ басқармасын уақытша Ерлан Қойшыбаев басқарған еді. Ол – бұрынғы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің күйеу баласы. Қойшыбаевтың уақытша тағайындалуы қоғам тарапынан әртүрлі пікір тудырып, ашық сынға ұшыраған болатын. Себебі, оны индустрия және құрылыс министрі қызметіне кеткен Нұрлан Сауранбаевтың орнына жедел түрде бекіткен еді.

ҚТЖ-ның жаңа басшысы ретінде Алдыбергеновке саладағы реформалар мен тиімділікті арттыру секілді маңызды міндеттер жүктелмек. Еліміздің ірі стратегиялық кәсіпорнының болашақ бағыты енді тәжірибелі теміржолшының қолына өтті.