Енді ағашты заңсыз кескендерге немесе бүлдіргендерге төленетін өтемақы мөлшері айтарлықтай өсті. Экология министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес, бір ғана ағаш үшін төлем 314 560 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл өзгерістер 2023 жылғы №61 бұйрыққа енгізілген толықтыруларда көрсетілген, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Құжатта ағаштарға келтірілген зиян үшін төленетін өтемақының базалық мөлшерлемелері нақты көрсетілген. Айыппұл көлемі тек ағаш түріне ғана емес, оның жас ерекшелігіне де байланысты есептеледі. Мысалы, ағаштар төрт санатқа бөлінеді: 10 жасқа дейін, 11–20 жас, 21–30 жас және 31 жастан жоғары. Ағаш неғұрлым ескі болса, өтемақы көлемі де соғұрлым жоғары.
Айыппұлдар жеке азаматтардан да, заңды тұлғалардан да өндіріледі. Жергілікті атқарушы органдар өндірілген өтемақылар бойынша салық органдарына тоқсан сайын есеп тапсырып отыруға міндетті. Қажет болған жағдайда, залал сомасын өндіріп алу үшін сотқа жүгінуге де құқылы.
Жаңа ереже ресми түрде күшіне енді. Енді табиғатқа бейқам қараудың құны арта түсті.