«Қайыршылық өмір кешесің!»: Автобуста әйел жас жігіттің шашын жұлып, қылқындырды
Суретте Павлодардағы автобуста болған орынға талас. Бейнежазбадан кескін

«Қайыршылық өмір кешесің!»: Автобуста әйел жас жігіттің шашын жұлып, қылқындырды

Павлодар қаласында қоғамдық көлікте орын бермегені үшін әйел адам жас жігітке күш көрсетіп, ашуға булыққан күйі балағаттап, шабуыл жасаған. Бұл оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарап, қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Tengri Life сайтына сілтеме жасап.

Қалай басталды

Видеодан байқауға болатыны — орта жастағы әйел жас жігітке тап беріп, сөмкесін басына тастап, бірнеше рет ұрып жібереді. Кейін балағат сөздер айтып, "Қайыршылық өмір кешесің!" деп қарғаған.

Жігіт не дейді

Оқиғаның басты кейіпкері — 19 жастағы павлодарлық Сергей. Оның айтуынша, оқиға кешкісін, жұмыстан кейін шаршаған күйі үйіне қайтып бара жатқан сәтте болған.

— Телефон қарап отырғам. Қасымда қарттар да, жүкті әйелдер де, ауыр сөмкелі жолаушылар да болмады. Өзімнің арқамда екі рюкзак бар еді — бірі техника, екіншісі киім. Бір сәтте біреу сөмкесін желкеме қойды. Сыпайы түрде алып тастауды өтінгенім сол еді — әйел шабуылдай жөнелді, — дейді ол.

Әйел оған "тәрбиесіз, орын бермеген ұятсыз бала" деп тиісіп, ауыр сөздер айтқан. Сергейдің айтуынша, ол орнынан тұрып кеткісі келген, бірақ әйелдің әрекетінен кейін "принцип үшін" орнында қалған.

Жолаушылар не істеді

Куәгерлердің сөзінше, автобустағы көпшілік жігіттің жағында болған. Бір әйел жолаушы:

— Ол әйелге ешкім дөрекі сөйлеген жоқ. Бірақ өзі орын сұрамай, сөмкесін лақтырып, ұрыс бастады. "70-ке келмеген адамға ешкім орын беруге міндетті емес" деп мен де араластым, — дейді.

Басқа жолаушылар әйелге орын ұсынып көргенімен, ол бас тартқан және балағаттауды жалғастырған. Поезд соңына дейін әйел жігітті боқтап тұрған.

Енді Сергей модель бола ма?

Әлеуметтік желі қолданушылары оқиғадағы жігіттің түріне назар аударып, әзіл аралас пікірлер жаза бастаған. Бірі "модель болуға лайық", бірі "Парижде көріп қаламыз ба?" деп қалжыңдаған. Бұл пікірлерге Сергей:

— Агенттіктерден ешкім жазбады. Өзімді қарапайым, бірақ сүйкімді жігітпін деп есептеймін, — деп жауап берді.

Ол — пауэрлифтингтен ел чемпионы атанған спортшы, Павлодар педагогикалық университетінде оқиды. Қазір де жұмыс істеп, жаттығуды жалғастырып жүр.

Үлкенге орын беру міндет пе?

Видеодан кейін желіде орын беру мәдениеті туралы пікірталас басталды. Көпшілік:

— "Орын беру — мейірбандық, бірақ міндет емес",
— "Егер ұруға күші жетсе — тұрып тұруға да шамасы жетеді",
— "Егер өтінішпен сұраса, бәлкім, орын берер еді", — деген пікір білдірді.

Кейбір зейнеткерлердің өзі жігіттің әрекетін қолдады.

Сергей арыздана ма?

Көпшілік әйелдің әрекеті үшін жауапқа тартылуын сұрағанымен, Сергей:

— "Өмірден таяқ жеген әйелді сотқа сүйреудің мәні жоқ деп есептеймін. Бұл — абсурд. Болды, жүре бердім. Жақсы адамдар жаманынан көп деп үміттенемін", — деп түйіндеді.