Ақтөбеде локомотив депосында жарылыс: қаза тапқандар бар

3 шілде, 2025 / Ақбер Қуаныш
Фото: Ашық дереккөзі

Ақтөбеде локомотив депосында жөндеу жүргізу кезінде жарылыс болып, екі жұмысшы қайтыс болды. Бұл туралы Еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы.

Мекеменің мәліметінше, дәнекерлеу жұмыстары кезінде орын алған жарылыстан 36 және 25 жастағы жұмысшылар ауыр күйік алып, екеуі де есін жимастан ауруханада көз жұмған. Бірі – 30 маусымда, екіншісі – 1 шілде күні қайтыс болған.

Қайғылы оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, тергеу амалдары жүріп жатыр. «Камкор Локомотив» компаниясы марқұмдардың отбасына жан-жақты көмек көрсетіп жатқанын, соның ішінде мәйітті жеткізу мен жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмектескенін хабарлады. Сонымен қатар, банк мекемелеріне марқұмдардың қарыздарына қатысты сұрау жолданып, қосымша материалдық көмек беру мәселесі қаралуда.

Компания қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, орны толмас қайғыға ортақтасатынын жеткізді.

Тэгтер:

Ақтөбе локомотив депо «Камкор Локомотив» ЖШС