Қоғамда қызу талқыланған мәселе туралы ҚМДБ пікір білдірді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елде бет-жүзді толық жабатын киімге тыйым салынуына байланысты пікір білдіріп, бұл шешімді дінге қарсы бағытталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы, inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚМДБ өкілдерінің айтуынша, мұндай шектеу қоғамдық қауіпсіздік мақсатында қабылданған және әлемнің көптеген мемлекетінде, оның ішінде мұсылман елдерінде де қолданылып жатыр.
Мекеме ресми мәлімдемесінде никабқа тыйым салу ислам талаптарына қайшы келмейтінін атап өтті. Құран мен хадистерге сүйенсек, әйелдерге бет-жүзін жабу міндет емес, денесін жауып, ибалылықты сақтау жеткілікті. Бұл – қазақ халқының салт-дәстүрімен де үндес.
ҚМДБ-ның мәлімдеуінше, ислам діні әрқашан қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қолдайды. Сондықтан жаңа заңнамалық шектеулер дін ұстанушылардың құқығын шектемейді, қайта елдегі бейбіт өмір мен келісімді сақтауға бағытталған.
«Қазақстан мұсылмандарының біртұтас діни қауымдастығы ретінде біз қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті ең басты құндылық деп санаймыз. Ислам – бейбітшілік пен тәртіпке үндейтін дін», – делінген басқарманың ресми хабарламасында.
ҚМДБ ел тұрғындарын бұл өзгерістерге түсіністікпен қарауға шақырды.