Күйеуінің көзіне шөп салған әйелге таспен ұрып өлтіру жазасы тағайындалған
2022 жылы Судан соты 20 жастағы қызды опасыздық жасады деп айыптап, таспен ұрып өлтіруге үкім шығарған болатын. Бұл туралы сол жылы BBC ақпарат агенттігі хабарлаған, деп жазады Anyqtime.kz.
Қыз қарапайым діни фермерлер отбасынан шыққан. Би-би-сидің дерегінше, туыстарының өтінішімен оның аты-жөні құпия сақталған. 2020 жылы күйеуімен ажырасқан ол ата-анасының үйіне қайтып оралған. Алайда араға бір жыл салып, бұрынғы күйеуі опасыздық жасады деп айып таққан. Ақыры 2022 жылы Ақ Ніл штатындағы Кости қаласының соты шариғатқа негізделген үкім шығарып, таспен өлтіруге бұйырған.
Бұл іске қатысты құқық қорғаушылар сол кезде-ақ наразы пікір білдіріп, үкімнің әділетсіз екенін айтып, қызды босатуды талап еткен. Бірақ елде әділет министрі болмағандықтан, оны заңды түрде қорғайтын ешбір мемлекеттік тұлға табылмаған. Айта кетейік, бұл оқиға әскери төңкерістен кейін ел билігін әскери хунта иеленген тұста болған.
Судан заңы шариғаттағы "хадд" деп аталатын ауыр қылмыстарға — соның ішінде опасыздық, ұрлық, зина — өлім жазасын қолдануға мүмкіндік береді. Мұндай жаза ретінде таспен ұрып өлтіру, дарға асу, аяқ-қолды шабу немесе дүрелеу қарастырылады.
Бұл оқиға халықаралық қауымдастық тарапынан сынға ұшырап, Судандағы адам құқықтары мәселесін қайта күн тәртібіне шығарған еді.
Ескерту: Бұл материал 2022 жылы BBC жариялаған ақпаратқа негізделген. Қазіргі таңда қыздың жағдайы туралы жаңартылған ресми ақпарат жоқ.