«Сенбілікті емес, сана тазалығын тәрбиелеу керек» –Дархан Сатыбалды

3 шілде, 2025 / Ақбер Қуаныш
Фото: gov.kz

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды "Таза Қазақстан" экологиялық акциясын жүзеге асыруға арналған III тоқсандық кеңес өткізді. Жиынға аудан әкімдері, қалалық басқарма басшылары мен жауапты мекемелер өкілдері қатысты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы.

Қала басшысы акцияны формалды түрде емес, нақты нәтижеге бағыттап жүргізу керектігін баса айтты.

"Біздің мақсатымыз – жай ғана сенбілік өткізу емес, көшелер мен аулалардың тазалығына, тұрғындардың санасына оң өзгеріс енгізу", – деді әкім.

Кеңесте "Таза Қазақстан" акциясына арналған 81 іс-шарадан тұратын жоспар мен күнделікті секторлар бойынша жұмыстарды қамтитын арнайы кесте таныстырылды. Сонымен қатар, экологиялық насихат жұмыстары күшейтілді: слогандар мен бейне-аудиоматериалдар 160 LED-экранға, лифтілерге, метроға және радиостанциялар мен әлеуметтік желілерге орналастырылған. Қалалық экофестивальдерде қоғам қайраткерлері де белсенділік танытып жүр.

Алатау және Наурызбай ауданының әкімдері өз өңірлерінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстары туралы есеп берді. Бірі – аулаларды тазалау мен көше абаттандыруын жалғастырып жатса, екіншісі – бейберекет қоқыс үйінділері мен заңсыз жарнамаға қарсы күресіп жатыр.

Дархан Сатыбалды қаладағы тазалық пен көгалдандыру, жарықтандыру, суару, қоқыс шығару мәселелерінің түрлі ведомствоға тиесілі болуына байланысты үйлесімсіздік туындап отырғанын айтты.

"Сенбілік тек қағаз жүзінде емес, нақты атқарылуы керек. Барлық қызметтер шынайы атсалысуы тиіс", – деді ол.

Кеңес қорытындысы бойынша әкім Экология басқармасына "Таза Қазақстан" жоспарының орындалуын қатаң бақылауға алуды, Қоғамдық даму басқармасына – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруды, ал аудан әкімдеріне – барлық шараларды сапалы және уақытылы атқаруды тапсырды.

Тэгтер:

Дархан Сатыбалды экология Таза Қазақстан