Ауғанстандағы Талибан үкіметі – енді Ресейдің серіктесі
Фото: Depositphotos

Ауғанстандағы Талибан үкіметі – енді Ресейдің серіктесі

Ресей Федерациясы Ауғанстанда билікке келген «Талибан» қозғалысының үкіметін ресми түрде мойындады. Бұл жөнінде Ресейдің Сыртқы істер министрлігіне (СІМ) сілтеме жасаған Anyqtime.kz ақпараттық порталы хабарлады.

3 шілде күні РФ СІМ басшысының орынбасары Андрей Руденко Ресейге жаңадан тағайындалған Ауғанстан елшісі Гул Хасанның сенім грамоталарын қабылдады. Осылайша, Мәскеу Ауғанстандағы «Ислам Эмиратын» ресми деңгейде таныды.

Ресейдің Сыртқы істер министрлігі бұл қадам екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаратынын мәлімдеді. Мәскеу мен Кабул арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту көзделіп отыр. Әсіресе энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларындағы бірлескен жобаларға басымдық беріледі.

Бұған дейін, 19 маусымда РФ СІМ өкілі Мария Захарова Ресей билігі Ауғанстанның қазіргі үкіметін «өз уақытында» мойындайтынын айтқан болатын. Ал енді Мәскеу бұл шешімді ресми түрде бекітіп отыр.

Сондай-ақ, ресейлік тарап Ауғанстанмен есірткі саудасына және терроризмге қарсы күрес бағытында бірлескен іс-қимыл жасауға ниетті екенін де бірнеше рет мәлімдеген.