2025 жылдың 21 мамырынан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алуға өтінім қабылдау басталады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Грант көлемі – 400 АЕК немесе 1 572 800 теңге. Бұл қаржы бір реттік негізде беріліп, тек жаңа бизнесті бастау мен дамытуға жұмсалуы тиіс. Қаржылай қолдау Business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асады. Биыл алғашқы кезеңде ел бойынша 4500 адамға грант беру жоспарланып отыр.
Министрліктің айтуынша, бұл бастама азаматтарға өз кәсібін ашып, табыс көзін қалыптастыруға зор мүмкіндік береді.
Грантты қалай алуға болады?
Өтінім беру үшін талап етіледі:
порталға тіркелу;
грант талаптарына сәйкестікті растау;
бизнес-жоспарды толтырып, жүктеу;
өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қою.
Егер үміткердің интернетке немесе құрылғыға қолжетімділігі болмаса, ХҚКО немесе мансап орталықтарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары арқылы өтінім бере алады.
Кімдер қатыса алады?
Грант алуға келесі тұлғалар үміткер бола алады:
тіркелген жұмыссыздар;
жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүргендер (тіркелгеніне 3 жыл толмаған болса).
Сонымен қатар, үміткер төмендегі әлеуметтік топтардың біріне жатуы шарт:
мүгедектігі бар жандар;
«қандас» мәртебесі бар азаматтар;
өңіраралық қоныс аударушылар;
аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері;
мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар;
асыраушысынан айырылғандарға арналған жәрдемақы алушылар.
Маңызды талаптардың бірі – «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік курстарын аяқтағаны туралы 3 жылдан аспаған сертификаттың болуы.
Қаражатты қайда жұмсауға болады?
Рұқсат етіледі:
өндірістік құрал-жабдық, техника, жануарлар, тұқым, көшет сатып алу;
ғимаратты жалға алу.
Тыйым салынады:
жеке тұтынушылық қажеттіліктерге;
несиелерді жабуға;
тұрғын үй немесе жер телімін сатып алуға;
акциздік өнім өндіруге.
Қалай іріктеледі?
Грант беру туралы шешімді аудандық немесе қалалық комиссия қабылдайды. Үміткерлер бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады. Бағалау мынадай критерийлерге сүйенеді:
бизнес-идеяның тиімділігі мен өзектілігі;
нарықты зерттеу деңгейі;
қаржылық есептің нақтылығы;
кәсіпкерлік қабілет;
жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуеті.
Комиссия шешімі порталдағы үміткердің жеке кабинетіне жіберіледі.
Еске салсақ, мұндай гранттар 2024 жылы да берілген болатын. Ол кезде де қаржы мөлшері дәл осындай — 400 АЕК көлемінде белгіленген еді.