100 жасқа дейін өмір сүрудің жолы қандай?
100 жасқа жетудің нақты, баршаға бірдей ережелері жоқ екені анық. Дегенмен ұзақ әрі дені сау өмір сүру үшін қарапайым ғана қағидаларды ұстануға кеңес береді медицина ғылымдарының кандидаты Ашот Григорьян, деп хабарлайды Anyqtime.kz
1-ереже. Темекі мен алкогольден бас тартыңыз.
Француз әйелі Жанна Луиза Кальман 122 жыл өмір сүріп, 117 жасына дейін темекі тартқанын мойындаған болатын. Ол темекіні тек көзі нашар көріп, тұтатуға қиналған кезде ғана қойған. Кейде жақсы шараптан да бас тартпаған. Алайда, темекі мен алкогольдің қан тамырларына зияны ғылыми түрде сан мәрте дәлелденген.
2-ереже. Тамақтану тәртібін жақсартып, артық тамақтанбауға тырысыңыз.
Ұзақ өмір сүрген адамдардың барлығы дерлік тамақты аз мөлшерде, жеңіл және табиғи өнімдермен шектеліп ішкен. Олардың мәзірінде көкөніс, пайдалы майлар мен баяу қорытылатын көмірсулар көп болған, ал тұзды, қуырылған, ысталған және тәтті тағамдар аз болған.
«Мүмкіндік болса, үй бақшаңыздан алынған өнімдерді жеңіз. Өсімдік майларына бай өнімдерді (майлар, жаңғақтар, авокадо) көбірек тұтыныңыз. Жылдам қорытылатын көмірсуларды (ұннан жасалған тәтті тағамдар) азайтыңыз. Ұйықтардан екі сағат бұрын тамақ ішпеңіз», – дейді Ашот Григорьян.
3-ереже. Тамақ ішу тәртібін сақтаңыз.
Қалалық өмір ырғағы да адамның өмір сүру ұзақтығына кері әсерін тигізеді. Көп жағдайда адам күні бойы тек жеңіл-желпі нәрсе жеп, толыққанды тамақтануға мүмкіндік таппайды. Ал мұндай "перекустар" семіздікке, атеросклероздың өршуіне себеп болады, әсіресе, олар жоғары калориялы және көмірсуларға бай болса.
4-ереже. Ағзаның "дабылдарын" елемеңіз.
"Аргументы и факты" басылымы жазғандай, кеуде тұсының шаншуы, тыныстың тарылуы, аяқтағы ауырсыну сынды белгілерге мән беру қажет. Бұл симптомдар өздігінен кетеді деп ойлаудың қажеті жоқ.
«Егер жүктеме кезінде ентігу, кеуде мен жауырын арасы қысылып ауырса, бас айналу, бас ауруы байқалса — дереу дәрігерге жүгініңіз. Бұл жүрек немесе ми тамырлары ауруларының белгісі болуы мүмкін. Яғни, диспансерлік тексерісті ұмытпаңыз», – дейді Ашот Григорьян.
5-ереже. Жағымды көңіл күй мен сабырды сақтаңыз.
Карлсон айтқандай – "сабыр, тек сабыр" және "бұның бәрі өмірде болады ғой" деген қағидаларға сай өмір сүру – денсаулық үшін жасалған үлкен қадам. Йога, аутотренинг, сүйікті іспен айналысу, балалармен, жануарлармен және жақындармен қарым-қатынас – мұның бәрі жүйкені тыныштандырып, өмір сапасын арттырады.
6-ереже. Көбірек қозғалыңыз және тамырларыңызды қадағалаңыз.
Офисте жұмыс істейтіндер мен аз қозғалатындар ғана емес, сондай-ақ ыстық климатта сыртта жұмыс істейтіндер мен жиі ұшақпен сапарлайтындар да мұқият болуы керек. Ұшақта ұзақ отырып ұшу аяқтағы тамырларда тромб түзілуіне себеп болуы мүмкін. Сол сияқты, ыстықта көп терлеу де ағзадан сұйықтықтың қарқынды кетуіне алып келеді.
«Таңертең 15–20 минуттық жаттығу жасаңыз – бұл ағзаның "оянуына" көмектеседі», – деп кеңес береді маман.
«Жұмыс барысында әр сағат сайын 10–15 минут үзіліс жасап, бірнеше рет отырып-тұрыңыз, дәлізде жүріп қайтыңыз, аяқтарыңызды созыңыз. Егер аптасына 150 минут арнайы дене жаттығуына уақыт тапсаңыз, бұл — өте керемет. Ал егер сіз ыстық климатта немесе ыстық бөлмеде жұмыс істесеңіз, әр сағат сайын 100 мл-ден сұйықтық (су, шай, морс) ішуді ұмытпаңыз. Ұйықтар алдында контрастты душ қабылдаңыз – бұл қан тамырларын шынықтырып қана қоймай, артық майларды жағуға да көмектеседі», – дейді Ашот Григорьян.