Батыс Қазақстанда киіктерді ату басталды
Фото: gov.kz

Батыс Қазақстанда киіктерді ату басталды

Батыс Қазақстан облысында киік санын реттеу жұмыстары ресми түрде қолға алынды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасай отырып. Әкімдіктің мәліметінше, киік ату шарасы биылғы 30 қарашаға дейін жалғасады. Оған 40-қа жуық маман тартылып, төрт арнайы бригада құрылған. 

Әр бригада үш техникамен жабдықталған, жалпы 12 техника жұмыс істейді.

«Киік популяциясын реттеу – табиғи тепе-теңдікті сақтау, жайылымдарды қорғау және ауыл шаруашылығы алқаптарына зиян келтірмеу мақсатында жүргізіліп отыр», – делінген ресми хабарламада.

2025 жылы жүргізілген әуеден есепке алу деректеріне сүйенсек, облыс аумағындағы киіктің жалпы саны 2,3 миллионға жеткен. Ғалымдар жасаған биологиялық негіздемеге сәйкес, популяцияға залал келтірмей, оның тек 20 пайызы, яғни шамамен 460 мың басын ғана реттеуге болады.

Ауланған киіктің еті арнайы белгіленген ет өңдеу кәсіпорындарына жеткізіледі.

«Қазір бұл өнімдерді «Кублей» ЖШС, «Жеңіс» ЖК, «Батыс-Нық» ЖШС және «Хаиров» ЖК қабылдауда. Болашақта тағы басқа ет комбинаттарының да бұл іске қосылуы жоспарланып отыр», – деді БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов.

Мамандардың айтуынша, киіктің бақылаусыз көбейіп кетуі ауыл шаруашылығы жерлеріне елеулі шығын әкелуі мүмкін және экожүйеде тепе-теңдікті бұзады. Сол себепті аталған жұмыстар Үкімет қаулысына және заң талаптарына сәйкес жүргізілуде.

Еске салайық, бұған дейін экология министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда шамамен 800 мың киіктің атылуы мүмкін екенін және киік етін өңдейтін арнайы комбинат салу жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді.