Армения мен Әзербайжан арасында бейбіт келісім жасалуы мүмкін – кездесу Дубайда өтеді деген болжам бар
Фото: Kazinform/Pixabay

Армения мен Әзербайжан арасында бейбіт келісім жасалуы мүмкін – кездесу Дубайда өтеді деген болжам бар

Оңтүстік Кавказдағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Армения мен Әзербайжан басшыларының тарихи кездесу өткізуі мүмкін. Британиялық Middle East Eye басылымы жазғандай, Ильхам Әлиев пен Никол Пашинян шілде айының соңында Біріккен Араб Әмірліктерінде жүздесуі ықтимал, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы.

Дипломатиялық дереккөздер бұл бастама үшінші тараптың делдалдығымен ұйымдастырылып жатқанын айтады. Кездесу барысында бейбіт келісімге қол қою туралы келіссөздер жүруі мүмкін. Бұған дейін екі тарап та келісім мәтіні дайын екенін растаған, дегенмен, Баку келісімнің күшіне енуі үшін Армениядан өз Конституциясындағы аумақтық талаптардан бас тартуын және ЕҚЫҰ Минск тобының алаңынан түпкілікті кетуін талап етіп отыр.

БАӘ бұл келіссөздерге бейтарап алаң ретінде ұсынылып отыр. Эмираттар өздерін халықаралық делдал ретіндегі рөлін нығайтқысы келеді. Алайда Арменияның ішкі саяси жағдайы бейбіт келісімге қол қоюды қиындатып тұр. Пашинян үкіметі конституциялық референдум өткізуді кейінге қалдыруы мүмкін, себебі бұл қоғам тарапынан үлкен қарсылыққа ұшырауы ықтимал. Сонымен қатар, АҚШ пен ЕО тарапынан да келіссөз процесіне араласу байқалады. Зангезур дәлізіне қатысты Вашингтон ұсынған бейтарап бақылау моделі де талқыланып жатыр.

Дубайдағы кездесу нақты қадам бола ма, әлде бұл тек келіссөздер процесінің тағы бір кезеңі ме — бұл алдағы апталарда белгілі болады. Бірақ тараптардың диалогқа мүдделі екені анық байқалады.