A2 сүті деген не? Қазақстанда оның өндірісі неге маңызды?

4 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Гипоаллергенді A2 сүті енді Қазақстанда өндіріле бастайды. Фото: ru.freepik.com

Гипоаллергенді A2 сүті енді Қазақстанда өндіріле бастайды. Бұл өнім сүтке сезімтал адамдар үшін жеңіл қорытылатын балама ретінде ұсынылмақ, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сілтеме жасап.

Павлодар облысында қолға алынған жобаның негізіне A2A2 генотипі дәлелденген асыл тұқымды сиырлардың елге әкелінуі себеп болған. Мұндай ірі қараның сүтінде A1 деп аталатын ақуыз болмайды. Ал A1 ақуызы кейбір адамдардың ағзасына ауыр тиіп, асқазан-ішек жолдарында жайсыздық тудыруы мүмкін.

A2 сүті Жаңа Зеландия, Жапония, Франция мен БАӘ секілді елдерде кеңінен таралған. Бұл елдерде ол денсаулыққа пайдалы өнім ретінде жоғары сұранысқа ие. Ал ТМД кеңістігінде, соның ішінде Қазақстан мен Ресейде бұл сүт әзірге сирек кездеседі.

Жоба іске қосылған жағдайда елімізде гипоаллергенді сүт өндірісінің негізі қаланып, халықтың денсаулығына оң әсер етіп, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.

Тэгтер:

Павлодар облысы A2 сүті Гипоаллергенді A2 сүті сүтке сезімтал адамдар