Қостанай облысында кәмелетке толмаған екі қыз металл қалақты қызып тұрған газға қойып, ұйықтап жатқан құрбысының денесін күйдірген. Қылмыстық іске байланысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылдың сәуір айында Лисаковск қаласында болған оқиғада 2012 жылы туған екі қыз тамақ пісіруге арналған металл қалақты газ плитасында қыздырып, ұйықтап жатқан құрбысының сол жақ беті, оң аяғы мен сол қолына қасақана басқан. Қатты ауырсынған қыздың жан дауысы шыққаны хабарланды.
Сот отырысында қыздардың бірінің анасы — М. есімді азаматша, ата-аналық міндетін дұрыс атқармағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 3-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылды. Ол кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінген.
Нәтижесінде, сот оның мойнына 55 000 теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.