Әзірбайжанда өткен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының саммитінде сөз сөйлеген Иран президенті Масуд Пезешкиян сапар алдында өзіне қысым болғанын айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Президенттің айтуынша, Бакуге сапар алдында кейбіреулер бұл жол қауіпті болуы мүмкін деп ескерткен. Алайда ол: "Құдайға шүкір, бәрі тыныш өтті", — деп мәлімдеді.
Пезешкиян саммит аясында Пәкістан премьерімен жақсы диалог орнатып, Тәжікстан президентімен кездескенін айтты. Ол Тәжікстан басшысының парсы тілінде еркін сөйлейтінін ерекше атап өтті.
Иран басшысы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен де екіжақты келіссөз жүргізгенін жеткізді. Кездесу барысында олар экономикалық әріптестік пен Израильдің агрессиялық әрекеттерін талқылаған. Пезешкиянның сөзінше, Ердоған Тель-Авивтің қимылдарын ашық айыптаған.
Сөз соңында Иран президенті сапарды ұйымдастыруға атсалысқан тараптарға алғыс білдірді.