Қырғыз президенті Балықчы мэрінің даулы сөзіне пікір білдірді

5 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Кактус медиа

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдің әлеуметтік желілерінде қызу талқыға түскен Балықчы қаласының жаңа мэрі Султан Керималиевтің мәлімдемесіне қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Kaktus.media дерегіне сүйеніп.

Мемлекет басшысының айтуынша, Керималиев бұған дейін Балықчы қаласының жағалау аймағын абаттандырумен айналысып, Чолпон-Атада да бірнеше жобаларды сәтті жүзеге асырған.

"Біз оған Чолпон-Атаның мэрі болуды ұсынғанда, ол өзі Балықчыға жіберуді сұрады. Бұл қаланы Лас-Вегасқа айналдырамын деді", – деді Жапаров.

Президент өз сөзінде Қырғызстанда білікті кадрлардың жетіспейтінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл мәселе 30 жыл бойы мемлекеттік жүйенің дұрыс дамымауынан туындаған. Қазір бұл олқылықты түзету үшін "Акылман" атты мектептер желісі арқылы жаңа буын мемлекеттік қызметкерлерін мектеп қабырғасынан бастап тәрбиелеу қолға алынғанын айтты.

Керималиевтің даулы сөзіне қатысты пікір білдірген Жапаров:

"Иә, ол этиканы бұзды. Бірақ оны түзетуге болады – ол аң емес, адам. Ең бастысы – басқа мэрлер сияқты ұрлық жасамай, адал жұмыс істесе болды. Халық сөзге емес, іске баға береді. Егер этика жөнделмесе – шара қолданамыз", – деп мәлімдеді.

Тэгтер:

Қырғыз президенті Балықчы мэрі Садыр Жапаров Султан Керималиев