Рэпер Qurt-тың әйелі тұрмыстық зорлық көргенін мәлімдеді
Суретте Рэпер Qurt пен әйелі Аружан Қойшубаева. Дереккөзі: Starhit.ru

Рэпер Qurt-тың әйелі тұрмыстық зорлық көргенін мәлімдеді

Қазақстандық рэпер Qurt-тың әйелі Аружан Қойшубаева тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын мәлімдеді. Ол Instagram арқылы денесіндегі көгерген іздерді көрсетіп, халықтан көмек сұраған, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

«Белінде баласы тұрса да, "белбеуін" тежей алмады»

Аружанның айтуынша, жан түршігерлік жағдай 27 маусым күні таңертең болған. Ол күйеуінен қорғану үшін есікті іштен кілттеп тастағанымен, Дамир есікті сындырып, бөлмеге кіріп келген.

«Таңғы он шамасында ол мені белдікпен ұра бастады. Бір сағат бойы тоқтаусыз сабады. Белдік үзілгенде, екіншісін алып келіп ұрды. Жүкті болғаныма қарамастан, ештеңені елемеді. Басымды қорғаштап, қолмен жауып отырдым. «Құтқарыңдар!» деп айқайлап көмек сұрадым. Ол: «Сен менің күңімсің» — деп айқайлады. «Иіле алмаймын, ауырады» десем, сол сөз үшін қайта-қайта ұрды», — дейді жәбірленуші.

Көршілердің көмегімен Аружан аман қалған. Олар айғайды естіп, жедел көмек көрсеткен.

«Ешкімге айтпа!»

Зардап шеккен әйелдің айтуынша, оқиғадан кейін рэпер елден кетуге дайындалған. Ол Аружанды видеоға «менде еш шағым жоқ» деп айтуға мәжбүрлемек болып, достарын да тартқан. Тіпті әншінің анасы да оны арыз жазудан бас тартуға көндірмек болған.

Соған қарамастан, Аружан полицияға арыз беруге бел буған. Желіде ол өзге әйелдерді де үндемеуге шақырмауға үндеп отыр.

Жаза қандай?

Астана қалалық Полиция департаменті оқиға орнына дереу жетіп, күдіктіні ұстағанын хабарлады. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалып, оған қорғау бұйрығы шығарылған. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы бойынша іс материалдары сотқа жолданған.

Алайда сотта Аружан күйеуін кешіргенін айтып, екі тарап татуласқан. Дегенмен полиция тергеуді жалғастырып, зорлық-зомбылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралып жатыр.

Қоғам не дейді?

Желі қолданушылары мен әріптестері бұл оқиғаға бейжай қарамады. Белгілі әншілердің бірі – SayMo мен актриса Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Аружанға қолдау білдіріп, оған көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.

«Qurt» деген кім?

Qurt лақап атымен танымал Дамир Қойшубаев — 24 жастағы рэпер. Ол өнер жолын тәуелсіз түрде бастап, кейінірек Ozen қауымдастығының құрамында жұмыс істеген. 2020-2021 жылдары Скриптониттің Musica36 лейбліне қосылып, «Сумки» атты танымал әнді шығарған.