Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Әзербайжан мен Ресей арасындағы соңғы оқиғаларға алаңдаушылық білдіріп, екі елді сабырға шақырды. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Түркия шиеленіске бейжай қарамайды
«Түркия Әзербайжанмен де, Ресеймен де терең дипломатиялық және стратегиялық қарым-қатынаста. Біз туындаған шиеленісті мұқият бақылап отырмыз және екі тарапты сабыр сақтауға үндейміз. Қазіргі жағдайда дипломатиялық шиеленісті жұмсартатын мәлімдемелер арқылы мәселені ақылмен шешуге болады деп есептейміз», – деді Ердоған Әзербайжаннан қайтар жолда ұшақ ішінде журналистерге.
Ол бұл мәселені Бакуде өткен кездесу барысында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен талқылағанын да атап өтті. «Ильхам Әлиев бұл мәселеге өте байсалды әрі сақтықпен қарап отыр. Ол теке-тірестің ушығуын қаламайды», – деді Ердоған.
Кавказ тағы бір соғысқа төтеп бере алмайды
Түркия басшысы екі елдің де бір-бірін түсінуге ұмтылып отырғанын айтып, аймақтағы тұрақтылықтың бұзылуына жол бермеу керек екенін жеткізді.
«Кавказ өңірі соғыстар мен жанжалдарға куә болып болды. Бұл өңір енді жаңа қақтығысты көтере алмайды. Біз бұл мәселені сабырмен, дипломатия жолымен шешуге болады деп сенеміз», – деді ол.
Шиеленіске не түрткі болды?
Еске салайық, 27 маусым күні Ресейдің Екатеринбург қаласында ФСБ қызметкерлері Әзербайжанның Агдам ауданынан шыққан Сафаровтар отбасына қатысты арнайы операция жүргізген. Нәтижесінде, Гусейн және Зияддин Сафаров есімді ағайындылар оққа ұшып, тағы сегіз адам, оның ішінде Бекир Сафаров түрлі жарақат алған.
Ресейлік тергеу органдары бұл азаматтарды 2001, 2010 және 2011 жылдары жасалған қылмыстарға қатысты күдікті ретінде таныстырып отыр. Сонымен қатар, оларды 2021 жылы Свердлов облысында болған 44 адамның өліміне себеп болған контрафакт алкоголь ісіне де байланыстырып отыр.
Алайда сарапшылар мен құқық қорғаушылар бұл айыптаулардың шынайылығына күмән келтіруде, өйткені аталған іс бойынша бұрын сот үкімі шыққан болатын. Жаңа ұсталғандарды төрт жылдан кейін бұл іске қатыстыру – айыптың қолдан құрастырылғанын меңзеуі мүмкін.