Мүгедектікті сырттай рәсімдеу: Тәуелсіз сарапшылар жүйесі қалай жұмыс істейді?
Фото: ОКҚ

Мүгедектікті сырттай рәсімдеу: Тәуелсіз сарапшылар жүйесі қалай жұмыс істейді?

Мүгедектікті сырттай куәландыру ісіне тартылған тәуелсіз дәрігерлер саны 55-ке жетті. Бұл жайында Anyqtime.kz тілшісі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Сарапшылар тізілімі қалай жасақталады?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты комитеттің төрағасы Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, тәуелсіз сарапшыларды іріктеу процесі толықтай электронды жүйе арқылы жүзеге асады. Дәрігер өтінішті онлайн жолдап, жүйе оның еңбек өтілі мен құжаттарын автоматты түрде тексереді. Бұдан кейін үміткер арнайы тест тапсырады. Іріктеуге адам араласуы мүмкін емес — шешімді жүйе өзі қабылдайды.

Сарапшы болудың шарты қандай?

Үміткерде міндетті түрде жоғары медициналық білім, денсаулық сақтау саласында қолданыстағы сертификат және соңғы бес жылда әлеуметтік-медициналық сараптама бойынша біліктілігін арттырғанын растайтын құжат болуы керек. Сондай-ақ нақты тәжірибе де талап етіледі.

Жүйенің артықшылығы неде?

Оспанқұловтың айтуынша, бұл бастама азаматтардың мүгедектікті белгілеу барысына деген сенімін арттырады. Тәуелсіз сарапшылар баламалы көзқарас ұсыну арқылы шешімдердің әділдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Олардың шешімдері тұрақты түрде бақылауға алынып, сапасыз сараптама жасағандар тізілімнен біржола алынып тасталады.

Нәтиже қандай?

2024 жылғы пилоттық жоба аясында 50-ге жуық дәрігер іріктеуге қатысқанымен, тек 18 маман ғана тізілімге енген. Олар 7 мыңнан аса шешім қабылдады. Ал 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін тәуелсіз сарапшылар саны 55-ке жетіп, 24 мыңнан астам сараптамалық шешім шығарған.

Бұл жүйе бейтараптық пен әділеттілікті нығайтып қана қоймай, қоғамда ашықтыққа бастар қадам ретінде бағаланып отыр.