"Тас лақтырып, суға итеріп, ұрып-соқты": Семейде 12 жастағы балаға қатыгездік жасалды
Фото: pexels

"Тас лақтырып, суға итеріп, ұрып-соқты": Семейде 12 жастағы балаға қатыгездік жасалды

Оқиға 4 шілде күні болған. Өзен жағасында балық аулап отырған жасөспірімді бірнеше адам соққыға жыққан. Ол әртүрлі жарақаттар алып, қол сүйегі сынған. Абай облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Эльзира Солтабаева бұл жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz

Эльзира Солтабаева Instagram парақшасында бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жазды.

«Баланың анасымен байланыстамын. Оларға Психологиялық қолдау көрсету орталығының көмегі ұсынылды», – деді өңірлік омбудсмен.

Оның айтуынша, аталған жағдай бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы – «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалған.

"Объектив Восток" басылымы бұл жағдайдың егжей-тегжейін жария етті. 12 жастағы баланың әпкесінің айтуынша, інісі өзен жағасында балық аулап отырған кезде, 14-15 жастағы бірнеше жасөспірім келіп тиісіп бастаған. Алдымен олар балаға тас лақтыра бастаған, кейін суға итерген. Сол кезде бала қашып құтылмақ болған.

«Олар артынан қуып жетіп, інімнің қолындағы қармағын сындырып, оны ұрып-соғуға кіріскен. Қолымен, аяғымен ұрып, бетіне шапалақтаған. Нәтижесінде – шынтақ сүйегінің сынуы, белі мен жамбасында көгерген жаралар және басқа да жарақаттар бар. Психологиялық жарақатын айтпаса да болады», – деді әпкесі.

Полиция балаға шабуыл жасағандар кім екенін анықтаған. Алайда олардан да, олардың ата-аналарынан да кешірім сұралмаған, кінәні мойындау болмаған.

Сондай-ақ, 2025 жылғы 1 шілдеде Алматыда осындай жағдай болған. Жасөспірім топпен соққыға жығылған. Бұл оқиға бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған.