Қазақ қызы Қазына Аликова өз өмірлік таңдауына қатысты ел арасындағы түрлі пікірлер мен сындарға жауап беріп, бақытты отбасылық өмірінің сырымен бөлісті, деп жазады Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме беріп.
Қазына шетелдік азаматқа тұрмысқа шығу оңай шешім болмағанын, бірақ бұл қадамды жүрек қалауымен жасағанын айтады. Ол Гаити тумасы, бүгінде «ақ жарқын, қазақи күйеу бала» атанып кеткен жары туралы ерекше ықыласпен жазды.
«Жаным, аппақ шалым менің! Сонау Гаитиден келіп, қазақ отбасының бір мүшесіне айналды. Тіпті “өзіміздің күйеу бала ғой” дейтіндей халге жетті. Құдай бізді айырмасын, талай Құдалықты бірге көрейік!» – дейді ол Instagram парақшасында.
Қазынаның айтуынша, ол күйеуін ұлтына қарап емес, адамгершілігіне, сыйластығына қарап таңдаған. Ол үшін ең маңыздысы — ішкі үйлесім мен рухани байланыс.
«Көп адам “Қазақ қыздары неге өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығады?” деп сұрайды. Бірақ мен ешкімнің шаблонына сай өмір сүрмеймін. Бұл — менің жолым. Мені шын түсінетін, жанымды бағалайтын адаммен біргемін. Ұлты басқа болса да, жүрегі таза. Ол менің тілімді, дәстүрімді құрметтейді. Бастысы — бақыттымын», – дейді Қазына.
Ол махаббатты сырттай сынаудың оңай екенін, бірақ шынайы сезім мен үйлесім тереңде жатқанын айта келе, өз таңдауына еш өкінбейтінін жеткізді.
«Махаббат – жүректің ісі. Мен жүрегімді тыңдадым. Бұл — өмірімдегі ең дұрыс шешім», – деп қорытындылады ол сөзін.