«Домбырамен жыр айтқан кеш»: Мұхамеджан Тазабек Назарбаевтың туған күнінде естелік жариялады
Суретте Мұхамеджан Тазабек пен Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: instagram.com/mukhamedzhan_tazabek

«Домбырамен жыр айтқан кеш»: Мұхамеджан Тазабек Назарбаевтың туған күнінде естелік жариялады

Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек Астана күнімен тұспа-тұс келген тұңғыш президенттің 85 жас мерейтойына орай әлеуметтік желіде жазба жариялады. Ақын 2010 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен отырыстағы ел біле бермейтін оқиғаны еске түсіріп, сол кештегі суырып салма жырынан үзінді ұсынды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Ақын, домбыра және тосын шабыт

«Бүгін “Астана күні” “Домбыра мерекесімен” сәйкес кеп жатыр. Әрі Тұңғыш президенттің 85 ке келген мерейтойы да межесіне келіп тұр екен…

Үш құндылықтың басы біріккен бір жазбаммен бөлісейін.
Астананы салған атқамінерлермен Елбасының мерейлі күнінде қолыма домбыра алып бір жырлағаным бар еді…

Бұл оқиға 2010 жылы, шілденің басында Елбасы резиденциясында орын алған еді. Қолыма домбыра алғанға дейін де, домбырадан кейін де біраз әңгіме бар. Оны толықтай оқығысы келген кісі “Енді айтуға болады” кітабын парақтап шықса болады. Мынау сол отырыстың бір сәті болатын…»

Саясаткерлерге арналған суырып салма

Тазабек отырыста Қанат Саудабаев пен Аслан Мусинге қарата суырып салып жыр арнаған. Жыр шумақтары мен реакцияны былай сипаттайды:

«Қанеке атағыңыз алыс кетті.
АҚШ қа елші болып барған кезде,
Қызығың көп, жасардай конспекті.
...
Қалайша охотаға ап шықтыңыз,
Қорғаныс министрі Рамсфелдті?!» – деген жерінде Қанат Саудабаев орнынан тұрып, жырдан қатты әсерленіп, шын көңілмен жауап қайтарғанын айтады.

Сондай-ақ Аслан Мусин туралы ел ішінде тараған бір аңызды өлеңге қосады:

«Сол кезде ат үстінен сіз секіріп,
Жанталаса құлапсыз жерге қарай.
Елбасыны тигізбей топыраққа,
Құшақтап, ап қалыпсыз кең даладай…»

«Жүздесіп, ашық сөйлескенге не жетсін»

Жазба соңында ақын тұңғыш президенттің ресми жиындарда да адамның көңілін танитын мінезін, тұңғыш президентке деген өзінің азаматтық көзқарасын білдіреді:

«Қанша дегенмен көпті көрген, әлемдік алпауыттармен арбасып, отбасының да отына шыжғырылып, тау асып, тас басқан күрделі тұлға ғой. Оның көргенін көрмегесін, оның жолымен жүрмегесін, оның етігін кимегесін аузымыз жылдам айта береміз. Алла артық сөздеріміз үшін біздерді кешірсін!»

Тоқаевтың үндеуі мен қорытынды ой

«Президентіміз Тоқаевтың ынсаппен айтқан құттықтау хаты – алтын ортасы, әділ бағасы.
Астана ажарланып, Ел ағалары дін аман боп, бейбіт күніміз домбыра күмбірімен салтанатқа бөлене берсін!» – деп қорытындылайды жазбасын Мұхамеджан Тазабек.