Сіз білмеген шындық: Шоколад адам миына не істейді?!
Шоколад тек дәмімен қуантумен ғана шектелмей, адамның эмоционалдық жағдайын жақсартуға да қабілетті. Алайда бұл тек биохимиямен байланысты емес, деп жазады Anyqtime.kz
Бұл туралы «Вечерняя Москва» басылымына берген сұхбатында психолог Надежда Ерофеева айтып берді.
Оның айтуынша, шоколадтан алынатын ләззат бірнеше деңгейден тұрады: бұл – бай, қанық дәм ғана емес, сонымен қатар оны жеген кездегі қанағат сезімі. Көп адам үшін бұл – жайлылық пен ішкі тыныштықпен байланысты ассоциациялар.
Маманның айтуынша, тәтті тағам дофаминнің бөлінуіне ықпал етеді – бұл қуаныш гормондарының бірі, ол ләззат алу сезімі мен қуаттың артуына жауап береді. Атап айтқанда, какао дәндерінде тирозин, фенилэтиламин және теобромин сияқты заттар кешені бар.
«Олардың барлығы эндорфин деңгейін жоғарылатып, эмоционалдық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, шоколад құрамында триптофан бар – бұл серотонин өндірісіне қатысатын аминқышқыл. Психологтың айтуынша, серотониннің қалыпты деңгейі адамның өзіне сенімді, теңгерімді және жайлы күйде болуына көмектеседі. Ал оның жетіспеушілігі керісінше – енжарлық пен тіпті депрессия белгілерін тудыруы мүмкін», – деді маман.
Сонымен қатар, шоколад тек химиялық құрамымен ғана емес, жағымды естеліктермен байланысты оң ассоциациялар арқылы да әсер етеді.
«Көпшілік үшін шоколад – жай ғана тағам емес, жанға тыныштық сыйлайтын "комфортты ас". Ол отбасылық мерекелермен, балалық шақпен немесе жылы естеліктермен байланысты. Жалғыздықты немесе шаршауды сезінген сәтте шоколадты аңсау – тек дәмнен ләззат алу емес, адам өзін жақсы сезінген өткенге оралғысы келетін ниет болуы мүмкін», – дейді Ерофеева.
Психолог сонымен қатар адамдар шоколад таңдағанда көбіне балалық шақтағы қуаныш сыйлаған сол бір ерекше дәмді іздейтінін атап өтті.
Алайда, маман тәттіні шамадан тыс пайдаланбау қажет екенін еске салды. Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) ұсынымын негізге алуды ұсынды: күнделікті калория мөлшерінің 10%-ынан аспауы керек.
Бұған дейін Майами университетінің америкалық биологтары шоколад құрамындағы кадмий – ауыр металлдың қауіпті әсерін анықтаған болатын.