Қытайдағы халықаралық фестивальде Бақыт Қажыбаев «Үздік актер» атанды
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Қытайдағы халықаралық фестивальде Бақыт Қажыбаев «Үздік актер» атанды

Қазақстандық актер Бақыт Қажыбаев Қытайдың Чунцин қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің халықаралық кинофестивалінде «Үздік актер» аталымында жеңіске жетті, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Актер бұл марапатты «Набат операциясы» атты драмалық фильмдегі басты кейіпкер рөлін жоғары деңгейде сомдағаны үшін иеленген. Туындыда адамгершілік, ерлік пен ішкі жан арпалысы терең сипатталады.

Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі 2025 жылдың 6 шілдесінде өтті. Шараға ШЫҰ-ға мүше елдердің кинематографистері қатысып, әр мемлекет екі фильмнен ұсынып, «Алтын камелия» жүлдесі үшін бақ сынаған.

«Бұл – отандық кинематография үшін үлкен жетістік. Қазақ актері халықаралық деңгейде мойындалып, өнерінің биіктігін дәлелдеді», – делінген министрліктің хабарламасында.

Айта кетейік, Бақыт Қажыбаев – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, театр мен кино саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі актер. Бұған дейін де ол бірқатар халықаралық фестивальдерге қатысып, өнерімен жоғары баға алған.