Ақмола облысында қайтарылған қаржы есебінен ауызсу жобалары жүзеге асырылуда
Фото: gov.kz

Ақмола облысында қайтарылған қаржы есебінен ауызсу жобалары жүзеге асырылуда

Қазақстанда заңсыз шетелге шығарылып, кейін елге қайтарылған қаражат есебінен әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылып жатыр. Соның бірі – Ақмола облысындағы ауызсу жүйесін жаңғырту және кеңейту. Президент тапсырмасы бойынша құрылған арнайы мемлекеттік қордан өңірге 21,5 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды Anyqtime.kz Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Облыс бойынша 28 жоба қолға алынған

Қазіргі таңда өңірде ауызсу сапасын арттыруға бағытталған 28 жоба іске асырылуда. Мәселен, Зеренді ауданында жаңа су желілерін тарту және ескілерін жаңарту жұмыстарына 6,5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалуда. Жобалар Акадыр, Жылымды, Қанай би, Көктерек, Садовое, Троицк, Васильковское, Өркен, Өзен және Баратай ауылдарын қамтиды.

Атап айтқанда, Өркен ауылында (тұрғындар саны – 1 мыңнан аса) ұзындығы 6 шақырымдық су жүйесі салынып жатыр. Бұл жобаның жалпы құны — 583 млн теңге.

Реконструкция мен жаңа құбырлар

Облыстың тоғыз ауданында жаңа су көздерін салу және ескі желілерді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытқа 2,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Барлық нысандарды 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Сандықтау ауданында ұзындығы 22,3 км болатын топтық су құбыры салынуда. Жобаға 200 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, Нұра топтық су құбырын жаңарту және Покровское ауылынан Талапкер мен Қажымұқан ауылдарына дейін жаңа су желісін тарту жұмыстары да жалғасуда. Екі жобаға жалпы 9,5 млрд теңге қарастырылған.

Қамтылу деңгейі жоғары

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Ақмола облысының қалалық елді мекендерінде сумен қамтылу деңгейі – 99%, ал ауылдық аймақтарда – 96,6%.

Қайтарылған қаражат тек сумен қамтуға ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау, спорт нысандары мен инженерлік желілерді жаңғырту салаларында да пайдаланылып жатыр, – делінген Үкіметтің хабарламасында.