Ерлан Қарин қандай кітаптарды оқуға кеңес береді? Топ-10 тізім
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин биыл алғаш рет атап өтілген Ұлттық кітап күніне орай қалың оқырманға оқуға тұрарлық 10 кітапты атады. Бұл ұсынысын ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы.
Ерлан Қариннің айтуынша, бұл бастамаға былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда негіз қаланған. Мемлекеттік кеңесші кітап оқудың өзі ғана емес, қандай кітапты таңдау керектігі де маңызды екенін атап өтті.
“Кітап алмасу – оқырман мәдениетінің көрінісі. Жазушылар да кейде бір-бірінен сирек кездесетін кітаптарды іздеп, сұрап алып жатады. Бұл кітапқа деген құмарлықпен қатар, талғамның да көрінісі”, – деп жазды Ерлан Қарин.
Ол ақын Қалқаман Сарин бастаған әдеби эстафетаны Қайрат Жолдыбай жалғастырып, өзі де сол үрдіске қосылғанын жеткізді.
Ерлан Қарин оқуға кеңес берген 10 кітап:
Абай. Қара сөздер жинағы
Мағжан Жұмабаев. Өлеңдер жинағы
Мұхтар Әуезов. «Абай жолы»
Жыраулар поэзиясы. «Бес ғасыр жырлайды»
Ілияс Есенберлин. «Көшпенділер»
Бауыржан Момышұлы. «Соғыс психологиясы»
Әбіш Кекілбаев. «Үркер»
Дулат Исабеков. «Қарғын»
Максим Зверев. «Кладовая чудес»
Төлен Әбдік. «Парасат майданы»
Мемлекеттік кеңесші бұл кітаптар тізімі қазақ әдебиетінің терең мазмұны мен ұлттық рухын бойына сіңірген туындылардан құралғанын атап өтті. Ұлттық кітап күніне орайластырылған бұл эстафета қалың жұртшылық арасында әдебиетке деген қызығушылықты арттырады деп күтілуде.