Назым Қызайбай Әлем кубогында топ жарды: «Бұл жеңіс – сенім мен тәжірибенің жемісі»
Фото: Ашық дерреккөзі

Назым Қызайбай Әлем кубогында топ жарды: «Бұл жеңіс – сенім мен тәжірибенің жемісі»

Қазақстандық атақты боксшы, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай бокстан World Boxing ұйымдастырған Әлем кубогында  алтын медаль иеленіп, жанкүйерлерімен қуанышын бөлісті. Бұл туралы спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

«Мен Кубок жеңімпазы атандым! Президенттің көз алдында тұғырдың ең биік сатысына көтеріліп, алтын медаль иеленгеніме өте қуаныштымын. Бұл жарысты тек тәжірибе мен мінезге сүйеніп өткердім», – деп жазды Қызайбай.

Назым жарыс барысында жанкүйерлер мен бапкеріне алғыс айтып, болашақтағы жоспарларымен де бөлісті.

«Әлі алда басты бәсекелер бар – әлем чемпионаты. Сол кезде бар күшімді салып, ең үздік формамда болуға тырысамын. Қуантатыны – бокстың бүкіл әлемде қарқынды дамып жатқаны. Қиын бәсекелестікке қарамастан, біздің құрама әйелдер мен ерлер арасында да командалық бірінші орынды иеленді. Барлық қарсыластарға мықты жекпе-жектер үшін алғыс айтамын. Жанкүйерлерге – сенім мен қолдау үшін рахмет. Жеке бапкеріме және бүкіл ұлттық құрамаға – ерекше алғыс. Біз – біріккенде үлкен күшпіз!», – деді спортшы.

Назым Қызайбайға алда тек жеңістер тілейміз, еліміздің туын көкке көтеріп жүре берсін!