Курьердің "жол реттеу шоуы" әлеуметтік желіде қызу талқыланды

7 шілде, 2025 / Ақбер Қуаныш
Фото: Әлеуметтік желі \скриншот

Ақтауда жеткізу қызметінің курьері бірнеше минутқа әлеуметтік желі жұлдызына айналды. Алайда желідегі танымалдықпен қатар, полицияның назарына да ілікті, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы және Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңаөзен қаласының тұрғындары түсіріп үлгерген видеода курьер 30, 31 және 34-шағын аудандар арасындағы жолға шығып, қолына сары шар ұстап, жол қозғалысын реттеп жүргендей қимылдар жасаған. Ол сәтте ер адамның үстінде жеткізу қызметіне тиесілі фирмалық сөмке болған.

“Курьердің әрекеті куәгерлердің камерасына түсіп, әлеуметтік желіде тараған. Мониторинг барысында жол жүру ережесін бұзу фактісі тіркелді”, – делінген ресми хабарламада.

Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, курьер жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткен және жол қозғалысына кедергі келтіріп, жүргізушілерге қауіп төндірген.

Аталған әрекетке байланысты ҚР ӘҚБтК 615-бабы (“Жол жүру бөлігін кесіп өту ережесін бұзу”) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, ер адамға 2 айлық есептік көрсеткіш (7 864 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Полиция департаменті тұрғындарға жол қауіпсіздігін сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды.

“Көңіл көтерудің да өз шегі бар. Қауіпсіздік – әрдайым бірінші орында тұруы тиіс”, – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Тэгтер:

айыппұл Курьер Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі