Семейден шыққан фотограф Джефф Безостың үйлену тойын түсірді
Фото: The New York Times

Семейден шыққан фотограф Джефф Безостың үйлену тойын түсірді

Семей тумасы, бүгінде әлемдік жұлдыздардың жеке фотографы атанған Герман Ларкин миллиардер Джефф Безос пен тележүргізуші Лорен Санчестің үйлену тойын түсіріп, тағы бір биікке көтерілді. Бұл туралы Ларкин француздың Le Point басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы Liter.kz-ке сілтеме жасап.

«Фотограф бар ма?» деген бір сұрақ бәрін өзгертті

Ларкиннің айтуынша, бұл оқиға Met Gala-дан кейінгі Дуа Липа ұйымдастырған кештен басталған. Сол жерде ол алғаш рет атақты жұппен кездескен. Кейін Кэти Перридің туған күнінде олар тағы жолығып, Герман сәтті пайдаланып:

«Мен олардың үйленетініне сенімді болдым да, бірден сұрадым: “Фотограф таптыңыздар ма?” Лорен жауап ретінде: “Әлі ойланудамыз” деді. Бірнеше айдан соң маған қоңырау шалды», – деп еске алады Ларкин.

Қазақ ізі әлемдік глянцта

Герман Ларкин Семей қаласында дүниеге келген, бала кезінен-ақ фотоөнерге қызыққан. Шығармашылық жолын Мәскеуде бастап, анасының қолдауымен 2001 жылы Миланға оқуға аттанды. Онда сән маркетингі мен коммуникацияны меңгеріп, біртіндеп Еуропадағы гламурлы өмірдің ортасына енді.

Қазір Герман – тек танымал адамдардың емес, әлемнің ең жабық әрі сәнді үйлену тойларын түсіретін таңдаулы фотографтардың бірі. Оның объективіне Пэрис Хилтон, Наталья Водянова, Китти Спенсер, сондай-ақ Бруклин Бекхэм мен Никола Пельтц, София Ричи мен Эллиот Грейндж сияқты жұлдызды жұптардың қуанышты сәттері түскен.

«Мен түсіретін адамдарға алдымен сүйсінуім керек. Анонимді клиенттермен жұмыс істемеймін», – дейді ол.

Бейнесі бар эмоция, сәні бар сәт

Безостың тойын түсіру – Ларкин үшін жай ғана жұмыс емес, оның әлемдік деңгейдегі фотограф ретіндегі мәртебесінің дәлелі болды. Ол өзін шынайы эмоцияны ұстап қалатын, детальге мән беретін және сәнді стильді сақтай білетін маман ретінде танытты.

Бүгінде Amazon негізін қалаушысының тойынан шыққан әр сурет – көрерменге әсерлі көрініс қана емес, оның авторы – бір кездері Семейде армандай білген қарапайым жігіт екенін еске салатын дәлел.